Орманды молайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қызметіндегі басымдық бағыттың бірі – орманды алқаптың көлемін ұлғайтып, экологиялық жағдайды жақсарту, жабайы жануарлар үшін қолайлы тіршілік ортасын қалыптастыру болып табылады.

Осы мақсатта 2015 жылдың индикативтік жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың көктем айларында Сырдария филиалы Отырар орманшылығының №110 орамында 45 га жерге 80 370 дана және күз айларында Түркістан филиалы Қызылшаруа орманшылығының №6,7 орамдарында 30 га жерге 71 430 дана, жалпы өңірлік парк бойынша 75 га жерге 151,8 мың дана қарағаш көшеттері егілді.

2016 жылға тоғай ормандарына ағаш егуге қазан-қараша айларында Сырдария филиалы Байырқұм орманшылығының №70 орамында 43 га және Түркістан филиалы Балтакөл орманшылығының №46 орамында 33 га, жалпы өңірлік парк бойынша 76 га жер дайындалды.

Сырдария филиалы Отырар орманшылығының №142,144 орамдарында 2013 жылы күзде 72 га жерге, сондай-ақ 2012 жылдың күз айларында Отырар орманшылығының №142 орамында 78,5 га жерге, Шардара орманшылығының №32,43,44 айналымдарында 201 га және Түркістан филиалы Шәуілдір орманшылығының №15 айналымында 71,5 га жерге, жалпы өңірлік парк бойынша 423 га мәдени алқаптарға толықтыру жұмыстары жүргізілді.

Тұқымбақтарда ағымдағы жылы 2140 мың дана көшет өсіру жоспарланып, күзгі түгендеу қорытындысы бойынша 2 382,8 мың дана әр-түрлі ағаш-бұта көшеттері есепке алынып, жоспардың орындалуы 111,5 пайызды құрады. Нәтижеде өсірілген ағаш-бұта көшеттерінің түрлерінің саны да біршама көбейді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы орман тұқымбақтарында 2300 кг әртүрлі ағаш-бұта тұқымдарын жинау жоспарланған. Бүгінгі таңда ағаш-бұта тұқымдары толық жиналып, сараптамадан өткізу үшін «Республикалық ағаш-тұқым мекемесіне» жолданды. Жолданған тұқымдардан 696 килограмының қорытындысы алынып, филиалдардың орман тұқымбақтарының 0,4 га жеріне себілді.

Алдағы кезде өңірлік табиғи парктің тұқымбақтарында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда отырғызуға ғана емес, бүкіл облыс аумағында елді мекендерді, қалаларды көгалдандыруға, жасыл аймақтарды жасауға керекті сәндік, жеміс ағаш-бұта көшеттерінің өсірілуі қамтамасыз етілетін болады.