Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің үш жылдық ғылыми жұмыстарының нәтижелеріне арналған дөңгелек үстел

2016 жыл 3 маусымда облыс әкімдігінің ғимаратындағы конференц залда қоршаған ортаны қорғау күніне орайластырылған Оңтүстік Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен «2013-2016 жылдары Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің жүргізілген ғылыми жұмыстарының нәтижелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы М.Б,Отаршиев ашып, сөзді Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде үш жылда атқарылған ғылыми жұмыстардың нәтижелері туралы баяндама жасау үшін өңірлік парктің ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің меңгерушісі Е.Х.Төлеміске берді.

Баяндамада Қазақстандық және ресейлік ғалымдардың жетекшіліктерімен өңірлік табиғи парктің ғылыми қызметкерлерінің қатысуымен 2013-2015 жылдары өңірлік парк аумағынан Қаратау флорасының тізіміне енбеген Кәдімгі жылантіл мен Қанатты сабынкөк сияқты ылғал сүйгіш екі өсімдіктің, Боралдайтау аймағы үшін б.ғ.к. А.А.Иващенко жасаған тізімге енбеген өсімдіктердің 54 түрі тіркелгендігі айтылды. Б.ғ.к. Г.Б.Сақауованың басшылығымен аталған өңірде 68 тұқымдасқа, 252 туысқа жататын өсімдіктердің 456 түрінің тізбесі жасалды, оның ішінде эндемикалық өсімдіктердің 12 түрі тек Қаратау тауының аймағындағы тар шектелген аймақта ғана кездесетіндігі айқындалды.

Б.ғ.к. П.А.Есенбекованың басшылығымен өңірлік табиғи парктің қызметкерлері бірлесіп Түркістан филиалы аумағынан 2013 жылы Қазақстанда кездеспеген, Испанияда ғана белгілі болған Нағыз қалқаншалы қандала деген бір түрі, 2014 жылы Сырдария өзенінің жайылмасына қысқа қанатты және жұмыр жыртқыш қандала сияқты 2 түрі, 2015 жылы Боралдай филиалындағы Теректі, Айыртау учаскелерде бұрын Қазақстанда тіркелмеген Испания мен Мароккада белгілі болған Қылша жай көзшесіз қандала сияқты бір түрі анықталды.

2015 жылы орнитолог-ғалым, б.ғ.к. Е.С.Чаликованың басшылығымен парктің Сырдария мен Боралдай өңірлеріндегі құстар әлемінің құрамы зерттеле бастады.

Дөңгелек үстелге Ресейдің ғалымдары Кузбасс ботаникалық бағының меңгерушісі, б.ғ.д., профессор А.Н.Куприянов, Томск мемлекеттік университетінің ботаника кафедрасының оқытушысы, б.ғ.д., профессор А.Л.Эбель, Орталық Сібір ботаникалық бағының аға ғылыми қызметкері, б.ғ.д., профессор Н.Н.Лащинский, Кузбасс ботаникалық бағының зерттеуші инженері О.А.Куприянов және Қазақстандық ғалымдар Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының ғылым бөлімінің бастығы, б.ғ.к. Г.Б.Сақауова, орнитолог-ғалым, б.ғ.к. Е.С.Чаликова, Мирас университетінің оқытушысы, б.ғ.к. Ә.Сапарбеков, Шымкент гуманитарлық техникалық университетінің оқытушысы, ауыл шаруашылығы кандидаты  Ә.Р.Құламетов, ОҚО экология департаменті басшысының орынбасары Ж.З.Ботабаев қатысып, өңірлік табиғи парктегі жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыстар, алдағы бағыттары жөнінде өз ойларымен пікірлерін білдіріп сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел барысында өңірлік табиғи парктің аумағындағы өсімдіктер мен жануарлар әлемін зерттеудегі жемісті еңбектері үшін басқарма бастығы М.Б.Отаршиев ғалымдар А.Н.Куприяновқа, А.Л.Эбельге Н.Н.Лащинскийге, Г.Б.Сақауоваға, Е.С.Чаликоваға басқарманың алғыс хаттары тапсырылды.

Дөңгелек үстелге сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облыстық экология департаментінің жауапты қызметкерлері, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері («Айғақ», «Қазақстан Шымкент», «Отырар», «ТВК» телеарналарының, «Южный Казахстан», «Рабат», «Бизнес және саясат» газеттерінің журналистері) қатысты.

Дөңгелек үстелдің жұмысын Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің бас директоры Б.М.Мошқалов қорытып, оның жұмысына белсене қатысқандары үшін ғалымдарға, мамандарға, баспасөз бен теларна өкілдеріне алғыс айтты.