Өңірлік парктің тұқымбағында кәдімгі пістеде бүршіктелу жүргізілді

Кәдімгі пісте ағашы Қазақстанда Қызыл кітапқа енген. Ол екі үйлі өсімдікке жатады, яғни аталығы бөлек, аналығы бөлек ағашта болады.

Біздің облыста кәдімгі пістенің ағаштары Боралдай тауда, Көкбұлақ, Даубаба, Машат шатқалдарында сирек түрде кездеседі. Аталық ағаштары жеміс салмайды.ал аналық ағаштарының жемісі ұсақ, өнімі аз болып келеді. Сондықтан кәдімгі пісте алқаптарының жеміс салу өнімділігін арттыру үшін оларға сорттық материалдан немесе жақсы жеміс салатын бағалы жормаларынан қалқанша түрінде бүршіктерін алып, телу жұмыстарын жүргізеді.

Жуырда маусымның айының үшінші онкүндігінде Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи парктің Боралдай филиалындағы орман тұқымбағында тұқымынан себіліп, өсірілген үш жылдық сеппе көшеттеріне Алматы қаласындағы Ботаника және фитоинтродукция институтының аға ғылыми қызметкері, б.ғ.к. Н.Е.Зверевтің басшылығымен бүршікпен телу жұмыстары жүргізілді. Телінуші материал ретінде Бадам орман шаруашылығындағы кәдімгі пістенің жеміс салған мәдени дақылдарынан және Төменгі Боралдай учаскесінен біршама жеміс салуы жақсы ағаштарынан қаламшалар дайындалып, соның бүршіктері пайдаланылады.

Бүршікпен телу жұмыстарын жүргізуге өңірлік табиғи парктің ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкерлері А.Тажиева, Н.Төре қатысты.

Көрші Өзбекстан республикасында кәдімгі пістенің өнімді сорттарымен телінген плантациялар жасалуда.

Келешекте осы республиканың ғалымдарымен орнатылған ғылыми ынтымақтастық негізінде кәдімгі пістенің Альбина, Орзу, Дангаринка, Горная жемчужина деген сорттарын өңірлік табиғи паркте енгізу көзделіп отыр. Бұл сорттардың ерекшелігі – құрғақшылыққа төзімді, жемістерінің дәмі мен өнімділігі жақсы.