Өңірлік табиғи парктің аумағында бұқар бұғысының басы көбеюде

2013 жылы Түркістан орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі қайта құрылған соң, бұқар бұғысының тұқымбағы жаңадан құрылған Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қарамағына берілді. Тұқымбақтың тормен қоршалған аумағының ауданы 20 га болса, бір жағы қоршалған екінші бөлігінің ауданы 322 га. Он жылдан астам уақыт жануарлардың Сырдария өзенінің жайылмасындағы арнайы құрылған тұқымбақта жерсініп, бейімделуіне және олардың санының бірте-бірте көбейіп, бастарының рекордтық санға жетуіне мамандардың көп еңбектері жұмсалды.

2017 жылы олардың жалпы саны 123 басқа жетті, оның ішінде 35 бас аналығы, 46 бас аталығы болса, 42 бас өткен және ағымдағы жылдардағы алынған төлдері. Сараптаушы ғалымдардың пікірі бойынша бұқар бұғыларының жылдық өсімі 6-8 дарақ болуға тиісті болса, Оңтүстік Қазақстанда олардың саны жылына орта есеппен 11-16 дарақтан өсіп отырды. Өткен жылы 22 бас төл (бұзауы) алынса, биыл қазіргі таңға 20 бас төл алынды.

Қазіргі таңда бұқар бұғыларының барлық дарақтары тұрақты түрде тәулік бойы бақылауға алынған. Тұқымбақ аумағында бейнебақылау камерасы орнатылып, олардың өсіп дамуы зерделеніп отырады. Алдағы уақытта бұзаулардың жаңа төлдерін есепке алу күтілуде.