Польшада өңірлік табиғи парктің ғылыми мақаласы жарық көрді

Сырдария – Түркістан мемлекеттік өңірлік паркінің ғылыми қызметкерлері 2013 жылдан бастап, оның аумағында биологиялық алуантурлілікті түгендеу бойынша жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыстардың нәтижелері жөнінде алыс және жақын шетелдердегі ғылыми жинақтарда мақалалар жариялап келеді. Атап айтқанда соңғы жылдары Англияда, Ресейде 3 рет, Польшада 2 рет, АҚШта, Чехияда, Болгарияда, Өзбекстанда бір реттен ғылыми мақалалар жарияланып, бұл жөнінде өңірлік парктің қызметкерлеріне тиісті сертификаттар мен дипломдар берілді.

Жуырда Польша мемлекетінде 2016 жылы 7-15 қыркүйекте өткен ХІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары жинағында өңірлік парктің ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің қызметкерлерінің «Боралдай өңірінде кездесетін дәрілік өсімдіктердің негізгі түрлерінің таксономиялық және ареалдық сипаттамалары» деген мақаласы жарық көрді.

Бұл мақалада дәстүрлі және халық медицинасында кеңінен қолданылатын дәрілік өсімдіктердің Қызыл мия, Кәдімгі мыңжапырақ, Шілтер жапырақ шайқурай, Үлкен андыз, Көкбас жұпаргүл, Самарқан салаубасы, Ішдәрі қаражеміс, Леманн күшаласы, Корольков шаяноты, Сүйекті ақ құрай, Дәрілік түймедақ сияқты тағы басқа дәрілік маңызы бар, барлығы 22 өсімдіктің түрлеріне таксономиялық талдау жасалып, ареалдық сипаттамалары берілді. Нәтижеде олар 10 тұқымдасқа 19 туысқа жататыны, оның ішінде саны бойынша басым көпшілігі Күрделі гүлділер мен Раушан гүлділер тұқымдастарына кіретін түрелр болып табылады.

Леман Күшаласы

Карольков шаяноты

Самарқанд салаубасы

Ал ареалдық құрамы бойынша дәрілік өсімдіктер мына ареалдардың түрлеріне топтастырылды: палеарктикалық, шығыс ежелгіжерортатеңіздік, тяньшаньдық-памиралайлық, понтикалық-ежелгіжерортатеңіздік, батыс тяньшандық-памиралайық, голоарктикалық, плюрирегионалдық, шығыс алтай таулы сібірлік, таулы орта азиялық, иран орта азиялық. Қазіргі таңда өңірлік табиғи парктің аумағында өсетін дәрілік өсімдіктердің учаскелерін заңсыз дайындаудан, өртт ен, малдың зақымдауынан қорғау жөнінде кешенді шаралар қолданылуда.