Өңірлік табиғи паркте тәжірибелік семинар өткізілді

«Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ-не қарасты Cырдария филиалының Байырқұм орманшылығында ағымдағы жылдың 29 наурызында «ЕҚТА жерлерінде орманды өрттен қорғау шаралары, сұғанақтыққа қарсы күрес және туризмді дамытудың бағыттары» тақырыбы бойынша тәжірибелік семинар өткізілді.

Тәжірибелік семинар барысында ЕҚТА жерінде өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында минералды жолақтар жасау, арнайы су алатын орыннан су алу және су шашу, радиобайланыс жүйесін пайдалану, өрт сөндіру техникалары мен құрал-саймандарын қолдану тәсілдері, сұғанақтыққа қарсы әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама рәсімдеу, жабайы аң-құстарды азықтандыру және демалушыларды қабылдауды ұйымдастыру, ЕҚТА жерінде болу шарттары мен қызмет көрсету тәртіптері тәжірибе түрінде көрсетілді.

Тәжірибелік семинарға ОҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Шардара ММ-нің өкілдері, сондай-ақ өңірлік табиғи парктің 75 қызметкері және облыстық «Отырар» телеарнасы мен «Южный Казахстан» газетінің тілшілері қатысты. Сондай-ақ, Сырдария филиалының 1 дана өрт сөндіру автокөлігі, 2 дана МТЗ-82 тракторы, 1 дана ХТЗ-150 тракторы соқасымен, 1 дана УПМ-3 әмбебап тіркемесі, 2 дана Шевролет Нива және 1 дана бортты УАЗ автокөліктері қызмет атқарды.

Семинар қорытындысы бойынша белгіленген бағдарламалар толық жүзеге асырылып, өз деңгейінде өтті.