Қостанай қаласында ІІІ Халықаралық конференциясында ғылыми мақала жарық көрді

Қазақстан Республикасының Қостанай қаласында 2017 жылдың 24-27 сәуірі күндері «Азия далаларындағы биологиялық әртүрлілік» атты ІІІ Халықаралық конференциясы өтті. Осы аталған конференцияның ғылыми жинағында «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік паркінің» ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің қызметкерлері Е.Төлеміс, М.Наровтың «Боралдайтаудың реликті (көне) өсімдіктері» тақырыбында ғылыми мақалалары жарық көрді.

Боралдайтаудың реликті (көне) өсімдіктері

Наров М.А.,Төлеміс Е.Х.

(Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі, Қазақстан, Шымкент қ, e-mail: stgrpp@mail.ru)

Сырдария –Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің Боралдай филиалының аумағы Қаратау тауының Боралдай жоталарында орналасқан. Филиалдың жер көлемі 36255 га яғни өңірлік табиғи парктің жер көлемінің 38,2 % құрайды. Бұл өңірдің өсімдіктер мен жануарлар дүниесі бай, бірегейлілігімен ерекшеленеді. Аталған тау жоталарында алдын-ала жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша 83 тұқымдасқа кіретін өсімдіктердің 600 түрі, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек және жойылып бара жатқан өсімдіктердің 40 түрі тіркелген. Сол сияқты 84 туысқа, 32 тұқымдасқа жататын сирек өсімдіктердің 114 түрі кездеседі, бұл жалпы анықталған өсімдіктер дүниесі құрамының 19 % болады. [2]

Белгілі ботаник Камелин Р.В. Қаратау өңірінен эндемиктердің 153 түрін берілген және бұл аймақтағы флораның қалыптасу тамырының ерте заманнан екендігін көрсеткен. [4]

Өңірлік парктің Боралдайтау аймағының флорасын б.ғ.к. Г.Б.Сақауованың жетекшілігімен зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында өсімдіктердің бірқатар реликті (көне) түрлерінің бар екендігін анықтадық. Төменде реликті түрлерге жататын өсімдіктердің кейбір маңызды түрлері туралы қысқаша деректер келтіріледі. [3]

1. Күйік жуасы(Allium kujekerse Vved). Өте сирек кездесетін оқшауланған түр, көпжылдық өсімдік. Сазды және қиыршықты тау беткейлерінде кездеседі. Палеэндемик (миоцен немесе плиоцен). Қаратаулық-батыстяньшандық ареал түрі.

2. Регель рафидофитоны(Rhaphidophyton regelii (Bunge) Iljin). Бұтақша. Сирек кездесетін эндемикалық түр. Тасты және қиыршықты беткейлерде кездеседі, құрғақшылыққа төзімді. Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Көне палеэндемик (миоцен) түр.

3. Қаратау бочанцевиасы(Botschantzevia karatavica). Сирек шектеулі аймақта кездесетін эндемик, жартылай бұтақ. Тасты беткейлер мен құздарда кездеседі, құрғақшылыққа төзімді өсімдік. Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Көне палеэндемик (миоцен) түр.

4. Қаратау кекіресі(Oxytropis karataviensis). Көпжылдық, сирек кездесетін эндемик өсімдік. Тасты және қиыршықты беткейлерде өседі, құрғақшылыққа төзімді. Көне палеэндемик (плиоцен) түр. Қаратаулық ареал түріне жатады.

5. Қаратау ырғайы(Cotoneaster karatavicus). Сирек кездесетін шектелген аймақта өсетін эндемик, бұта өсімдік. Тасты және қиыршықты тау беткейлерде өседі. Құрғақшылыққа төзімді қаратаулық ареал түріне жатады. Плейстоцен.

6. Қаратау жусаны(Artemisia karatavica). Көпжылдық. Өзен аңғарларында, беткейлердегі бұтақтардың арасында, шалғындарда өседі. Қаратаулық-тяньшаньдық ареал түріне кіреді. Постплиоцен.

7. Қаратау лепидолофасы(Lepidolopha karatavica). Сирек шектеулі аймақта кездесетін түр, жартылай бұта. Тасты – қиыршықты беткейлерде өсетін құрғақшылыққа төзімді өсімдік. Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Қаратаулық ареал түріне жатады. Плиоцен.

8. Соғды шағаны(Fraxinus sogdiana). Ағаш, биіктігі 25 м-ге дейін, діңінің диаметрі 1,5 м-ге дейін жететін өсімдік. Сирек кздесетін реликті түр. Өзен аңғарларында, тау етегіндегі аңғарларда да сирек түрде өседі. Қазақстанның Қызыл кітабына енген, кесуге тиым салынған. Көне (реликті) миоцен.

9. Шренк тобылғысы(Spiraeanthus schrenkianus). Эндемикалық сирек және үшінші дәуірдің көне түрі, бұта өсімдік. Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның Қызыл кітаптарына енген. Аласа таудың беткейлеріндегі тасты беткейлерде және сұр-қоңыр топырақтарда өседі. Миоцен.

10. Сиверс алмасы(Malus sieversii). Ағаш, биіктігі 2-8 м, саны тез қысқарып бара жатқан түр. Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Орташа ылғалды жағдайда өседі, жемістерінің мөлшері, түсі, дәмі және пісу мерзімі бойынша ерекше үлкен полиформизм қасиетіне ие. Ежелгі үшінші дәуірдің миоцены.

11. Қаратау марал түбірі(рапонтикумы) (Rhaponticum karatavicum). Сирек шектелген аймақта кездесетін түр, аласа жайылып өсетін мықты тамырсабақты өсімдік. Құрғақ және орташа ылғалды сүйетін тасты, құздардың жарықшаларында, қиыршықты беткейлерде өсетін көп жемісті өсімдік. Қазастанның Қызыл кітабына енген. Қаратаулық-тяньшандық ареал түріне жатады. Плиоцен-плейстоцен.

12. Қаратау көкбасы(Eryngium karatavicum). Сирек эндемикалық көпжылдық өсімдік түрі. Тасты-қиыршықтасты беткейлерде, шөгінділерде, құрғақ арналарда, майда тасты жерлер өседі. Көпжемісті (поликарпик). Плейстоцен.

13. Түбірлі томағашөп(Scutellaria karatavica). Сирек эндемикалық, көпжылдық, аласа жайылып өсетін сүректі өркендері бар өсімдік түр. Тасты беткейлерде, таудың төменгі белдеуіндегі құздардың жарықшықтарында өседі. Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Популяциясы азайған голоцен.

Сонымен бірге реликті түрлерге жататын оңтүстік нейроломасы (Neuroloma australe), жіңішке штубендорфия (Lepidium pavlovii), шымыр строгановиясы (Stroganowia robusta), қаратау жалған бозкілемі (Pseudosedum karatavicum Boriss.), тянь-шань шиесі (Cerasus tianschanica), Северцов астрагалы (Astragalus sewerzowii), жүндес астрагал (Astragalus sisyrodites), қаратау астрагалы (Astragalus karataviensis), Евгений Коровин тұтасжапырағы (Halophyllum euqenii korovini), Культиасов шренкиясы (Schrenkia kultiasovii), қынапты түйнекшөп (Bunium vaginatum), қырықбуынды прангос (Prangos equisetoides), қаратау ойдибазасы (Oedibasis karatavica), қаратау төмағашөбі (Scutellaria karatavica), бөгде шөлмасақ тәрізді жалған шандра (Pseudomarrubium eremostachydioides), Трауфеттер сәлбені (шалфей) (Salvia trautvetteri), қаратау жебірі (Thymus karatavicus), қаратау қандыгүлі (Pedicularis karatavica), қаратау үшқаты (Lonicera karataviensis), қаратау майдажелегі (Erigeron karatavicus), қаратау мыңжапырағы (Achillea karatavica), жіңішке жапырақты лепидолофасы (Lepidolopha filifolia), мыңжапырақты түймешетен (Tanacetum mindshelkense ), бұташық юринеясы (Jurinea suffruticosa), тау сағыз (Scorzonera tau–saghyz), парсы шетені (Sorbus persica) сияқты экологиялық маңызы бар бағалы өсімдіктердің 27 түрін қосуға болады.

Тізбеге алынған реликті өсімдіктердің таксономиялық құрамын талдасақ олар 13 тұқымдасқа 37 туысқа жатады және 47,5% Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Геохронологиялық кесте бойынша көрсетілген өсімдіктердің шығу кезеңдері негізінен плейстоцен, миоцен, плиоцен дәуірлерін қамтиды. Атап айтқанда соғды шағаны, сиверс алмасы, шренк тобылғытүсі, парсы шетені үшінші кезеңнің миоцен дәуірінің реликті өсімдіктері болып саналады, яғни олар шамамен 26 млн. жыл бұрын пайда болған. [6]

Реликті өсімдіктердің ішінде тағамдық және техникалық, сәндік, дәрілік маңызға ие бағалы түрлері бар. Қазіргі таңда бұл өсімдіктерді қорғап, гендік қорын сақтау жөінде өңірлік парк тарапынан кешенді шаралар жүргізілуде. Оларды зерттеуді жалғастырып, кейбір түрлерін егіп өсіру жоспарланып отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Арыстанғалиев С.А., Рамазанов Е.Р. Қазақстан өсімдіктері Алма-Ата 1977 г.

2. Брагина Т.М. Гельдыева Г.В. Огарь Н.П. Ключевые природные территории экологической сети Казахстан-части Арало-Сырдарьинского бассейна. Алматы 2012г.

3. Государственный кадастр растений Южно-Казахстанской области. Красная книга. Дикорастущие рекие и исчезающие виды растений Алматы 2002г.

4. Камелин Р.В.Флора Сырдарьинского Каратау // Л.: Наука, 1990, 164 с.

5. Млекопитающие Под общей научной редакцией доктора биологических наук, профессор А.Ф. Ковшаря. Алматы 2008 г.

6. Отчет инвентаризации флоры Боралдайского филиала Сырдарья-Туркестанского государственного регионального природного парка. (испольнители: к.б.н. Сакауова Г.Б., с.н.с. Наров М.А., н.с. Тажиева А.Д.) Шымкент 2016 г.