Өңірлік табиғи парк тарапынан «Мейірімді табиғат» атты ағаш отырғызу акциялары өткізілді

«Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бекітілген Арыс, Кентау, Түркістан қалалары мен Бәйдібек, Түлкібас аудандарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өмірлік қиын жағдайда деп танылуы мүмкін отбасылар, жастары егде тартқан, ауруы немесе мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмайтын азаматтардың жеке тұрғын үйлерінің аулаларына 10 данадан жеміс ағаштарының көшеттері отырғызу бойынша ағымдағы жылдың 19-24 қараша күндері «Мейірімді табиғат» атты акция өткізілді.

Аталған акцияға өңірлік табиғи парк қызметкерлерімен бірге Арыс қаласы бойынша жергілікті «Арыс толқындары» телеарнасы, аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары, ауыл округі әкімдіктерінің өкілдері және өңірлік табиғи паркпен келісім-шартқа тұрған жергілікті мектеп орманшылықтарының мүшелері, жалпы 70 адам қатыстырылды.

Сонымен қатар, осы өткізілген акция бойынша Бәйдібек ауданының жергілікті «Алғабас», Кентау қаласының жергілікті «Қаратау тәжі», Түлкібас ауданының жергілікті «Шамшырақ», Түркістан қаласының жергілікті «Тұран ақпарат» және республикалық «Экокурьер» газеттеріне мақалар жолданды.

Өңірлік табиғи паркке бекітілген аудан, қалалар бойынша 114 аз қамтылған отбасылардың әр қайсысының аулаларына 10 данадан, барлығы 1140 дана жеміс ағаштары, оның ішінде 456 дана алма, 342 дана өрік және 342 дана алмұрт көшеттері отырғызылды.