Өңірлік табиғи паркте мемлекеттік инспекторлардың білімін жетілдірудің 40 сағаттық оқу-семинар сабақтары өткізілді

«Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ-нің 2018 жылғы 23 ақпандағы «Өңірлік табиғи парктің мемлекеттік инспекторларының білімін жетілдіру мақсатында 40 сағаттық оқу-семинар сабағын және техминимумын өткізу туралы» №19-н/қ бұйрығы негізінде ағымдағы жылдың 27-28 ақпан күндері Сырдария филиалы, 1-2 наурыз күндері Түркістан филиалы және 03 наурыз күндері Боралдай филиалының мемлекеттік инспекторларына ЕҚТА жерлерін орман өрттерінен қорғау, орманды молайту шаралары және табиғи кешендерді қорғау, туризм, ғылым салаларында білімдерін жетілдіру мақсатында оқу-семинар сабақтары өткізілді.

Өңірлік табиғи парктің бас мекемесінен орман және өсімдіктер дүниесін қорғау бөлімінің меңгерушісі А.Қырықбаев, ЕҚТА күзету және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің меңгерушісі А.Ахметов, ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкері М.Наров, туризм, рекреация және экоағарту бөлімінің қоғаммен байланыс жасау маманы А.Жанконысова және филиалдардың директорлары мен оның орынбасарлары және орман қорғау инженерлері оқу-семинардың тақырыптық бағдарламасы бойынша баяндамалар оқыды. Оқу-семинарға филиалдардың барлық санаттағы инженерлері, орманшылар мен оның көмекшілері, орман шеберлері мен мемлекеттік инспекторлар қатыстырылды.

Оқу-семинар сабақтары барысында ҚР ЕҚТА Заңы мен Орман кодексінің талаптары «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің жаңа редакциясындағы өзгерістер, Еңбек кодексіндегі еңбек қорғау мен техника қауіпсіздігі мәселелері пысықталды. Орман және аңшылық шаруашылығы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарау, хаттамаларды толтыру, қызметтік қаруды және арнаулы құралдарды сақтау, қолдану тәртіптері түсіндірілді.

Орман шаруашылығын жүргізудің негіздері өрт қаупі маусымына дайындық шаралары туралы, жануарлар дүниесінің өсімін молайту мен пайдалану шаралары жөнінде толық мәліметтер берілді. Ғылыми жұмыстар бойынша «Табиғат жылнамасының» негізгі мақсаттары, міндеттері, фенологиялық бақылау бақылауларды жүргізудегі мемлекеттік инспекторлардың міндеттері, толтырылатын мәліметтер жиынтығы туралы, гербарий үлгілерін дұрыс жинаудың және омыртқасыздардың коллекцияларын жасақтаудың тәртіптері туралы жан-жақты түсіндірілді.