Қызғалдақ жұлу - заңға қайшы!

Қызғалдақ (латын.-Tulipa, түрік.-Lale, орыс.-Тюльпан) дархан даланың, көктеудің, қырдың және маусымдық қоныстың сәні екені белгілі. Көктемде гүлдеп, кең жазира қазақ даласын ғажайып бір күйге бөлейді. Екі жыл өмір сүретін бұл нәзік гүл көктем келіп, күн жылынғанда, бар жоғы 7 күн, кейде 15 күнге дейін гүл ашып тұрады.


Өңірлік парк аумағында Қызыл кітапқа енген: Гейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы, Буза қызғалдағы, Тікаяқты қызғалдағы, Корольков қызғалдақтары және т.б. түрлері кездеседі.
Қызғалдақ – өте нәзік гүл. Өсуі мен тарауы, жеміс беруі мен тұқым тастауына ұзақ уақыт кетеді. Қызғалдақ көбінде дән мен тұқым арқылы тарайды. Ал дән жерді жарып өсіп шыққанша 4-7 жыл уақыт кетеді. Ал, енді өсіп келе жатқан не өсіп тұрған қызғалдақты жұламын деп, тамырын мүлде құртып жіберуіміз мүмкін. Ол жерден енді қызғалдақтың өсіп шыға қоюы қиын.
Қызғалдақты жұлу Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 339 бабында «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу:

  1. Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде олардың айналымы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттелетін түрлерін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жою – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» - деп көрсетілген.

Парк қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын, көпшілік орындарда насихат парақтарын жабыстырып, бұқараны құқықбұзушылық жасамауға шақырды.
«Сырдария-Түркістан МӨТП» КММ-нің
Туризм, рекреациялық және экологиялық ағарту бөлімінің
қоғаммен байланыс жасау маманы А.Қонарбек