Қаратау арқарын заңсыз атқан кінәлілер жауапкершіліктен құтылмайды

 

«Қаратау арқарын» атып....

Қаратау арқары Қазақстанның Қызыл кітабына енген бағалы эндемик аң болып табылады. Сол сияқты өте сирек кездесетіндіктен бұл аң Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабында да тіркелген.

Сондықтан өңірлік табиғи парктің қызметкерлері құрылған күннен бастап Қаратау арқарының мекендейтін жерлерін, көшіп-қону, өрістеу орындарын анықтап, бақылауға алып, қорғау шараларын жүзеге асыруда.

Осы жылы 6 шілде демалыс күні - Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің Боралдай филиалының және Бәйдібек аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері мемлекеттік инспекторлардан парк аумағына іргелес жатқан жерде қарулы азаматтардың жүргендігі туралы хабар алысымен жедел түрде бірлескен рейд жүргізіп,

Алмалы ауыл әкімшілігінің Қоғалы сайында «Нива» автокөлігімен жүрген үш азаматты мылтықтарымен ұстады. Автокөліктің қорабынан сойылған сирек түрге жататын Қаратау арқарының еті мен бас сүйегі мүйізімен табылды.

Бағалы аңның еті бас сүйегімен анықтау мақсатында өңірлік парк қызметкерлерінің күшімен Шымкент зоологиялық саябағына жеткізілді. Нәтижесінде заңсыз ауланған аңның Қазақстан республикасының Қызыл кітабына енген 6-7 жастағы салмағы 50 кг Қаратау арқары екендігі анықталып, анықтама берілді.   

Парк қызметкерлері тарапынан заңсыз аң аулау оқиғасы бойынша хаттама толтырып, бұл іс жөніндегі материалдар және алынған үш мылтық «Нива» автокөлігі, үш күдікті азамат Бәйдібек аудандық ішкі істер бөліміне қылмыстық іс қозғау үшін тапсырылды.

Қазіргі таңда бұл заңсыз аң аулау оқиғасы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық Кодексінің талаптары бойынша Қаратау арқарын заңсыз аулаған кінәлі азаматтар сот шешімімен қылмыс жасау құралы мен қаруы тәркіленіп, бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар олардан жануарлар дүниесіне келтірілген зиян үшін 1500  айлық есептік көрсеткіш мөлшері көлемінде ақша өндіріліп алынады. Егерде жануардың ересек дарағы (аналығы) болған күнде, келтірілген нұқсанды өтеу мөлшері 50 пайызға артады.


    Қаратау арқарын заңсыз атудың мұндай оқиғасы облыс көлемінде соңғы он жылдың ішінде бірінші рет тіркеліп отырғандығын айта кеткен жөн.

Өңірлік табиғи парктің Боралдай жоталарында Қаратау арқарына 2013 жылы жүргізілген күзгі санақ бойынша 27 бас, осы жылғы көктемгі санақ бойынша 47 басы есепке алынды.

    

 Бұл соңғы кезде Қаратау арқарының көбейіп, тіршілік жасауына өңірлік парк тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылғандығын көрсетіп отыр.

Алдағы кезде де Қаратау арқарын қорғауға молаюына жағдай жасауға парк тарапынан ерекше көңіл бөліне беретін болады.