Парк аумағында Дүниежүзілік туризм күні атап өтілді.

       Дүниежүзілік туризм күні 27 қыркүйек күні 1979 жылдан бері үзбей тойлануда. Бұл күні туризм саласына қатысты барлық  мекемелер мен ұйымдар түрлі мерекелік іс-шаралар өткізеді.

 

       Сондай мекеменің бірі- Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі 27 қыркүйек күні алғашқы рет Боралдай филиалының «Теректі демалыс аймағында «Дүниежүзілік туризм күнін» атап өткізді.

 

 

       Соған орай М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің  «Халықаралық Туризм және сервис» кафедрасының аға оқытушылары Кетпен Жандос Мухамедияұлы және Садыков Жандос Жарылқасынұлы бастаған туризм менеджері мамандығының студенттерімен бірлесе «Экологиялық туризм – таза табиғат» атты іс-шара өткізді.

 

 

       Іс-шара діни бағыттағы экскурсиямен басталды. Студенттер филиалға барар жолда орналасқан «Домалақ ана» кесенесіне кіріп, Бәйдібек-ата тарихымен танысып, «Қосана» кесенесіне аялдады.

 

 

 

 

 Содан «Теректі» демалыс аймағына келіп, жайғасты. Студенттер топ топқа бөлініп,  мерекелік іс-шараны сәлемдесумен бастады.  

Ары қарай болашақ туризм саласының мамандары  арасында құздан өту, батпақтан өту, палатка құрудан жарысу сияқты эстафеталық ойындар ойнатылып,  мемлекеттік инспекторлардың алып жүруімен айналаға экскурсияға  шықты.

 

       Іс-шара өткізудің негізгі мақсаты өңірде экологиялық туризмді дамыту арқылы жастардың денсаулығын сақтау және ешқандай жағдайы жасалмаған таза табиғат аясында дем ала білуді нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру,  табиғатты аялауға,  қорғауға үйрету және ерекше қорғалатын табиғи аумаққа қоғамдық дұрыс көзқарас қалыптастыру болып табылады.

 

Және де бұл іс-шарада концерттік бағдарламалар, ән-күй, би  студенттердің өз өнерлерімен жалғасын тапты.

 

 

    Туризм, рекреация және экологиялық ағарту бөлімінің қызметкерлері өңірлік парк туралы түсінік беретін үнпарақтар мен онда кездесетін ерекше қорғауды қажет ететін аң-құстар мен өсімдіктер жайында және орманды өрттен қорғау туралы үнпарақтар таратты.

 

 

    Соңында жеңімпаздар, жүйріктер, белсенді студенттер грамотамен және сыйлықтармен марапатталды. Осылайша туризм  саласының болашақ мамандары «Дүние жүзілік туризм күнін» естен кетпестей ерекше атап өтті.