Cырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі
Cырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі Оңтүстік Қазақстан облыс әкімі А.Мырзахметовтың 2012 жылғы 5 қыркүйектегі № 264 қаулысымен, Арыс, Боралдай, Түркістан орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердің қосылу жолымен құрылған. Өңірлік парктің жалпы жер көлемі 119 978 гектарды құрайды. Соның ішінде: Түркістан филиалы – 36 304 га; Сырдария филиалы – 47 419 га; Боралдай филиалы – 36 255 га;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 20 наурыздағы «Оңтүстік Қазақстан облысында жекелеген жер учаскелерін орман қоры жерлері санатынан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлері санатына ауыстыру туралы» №247 қаулысымен «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жалпы аумағы 119 978,418 га жер учаскесі орман қоры жерлері санатынан «ерекше қорғалатынтабиғи аумақтар жерлері» санатына ауыстырылды.
Саябақтың негізгі мақсаты – Сырдария өзені мен Арыс өзенінің екі жағалауы мен Боралдай жотасының ландшафтарын табиғи түрде сақтау, табиғи кешендер мен мемлекеттік табиғи-қорықтық қор объектілерін, табиғаттың көрікті жерлері мен ерекше құндылығы бар өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, мәдени – тарихи ескерткіштерді экологиялық ағартушылық, ғылыми, туристік мақсатта тиімді пайдаланып сақтау болып табылады.
Сырдария – Түркістан мемлекеттік өңірлік парк аумағында өсімдіктердің шамамен 850 түрі кездеседі. Олардың 42 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Атап айтсақ: Зерившан Аршасы, семсершөп, Корольков шаяноты, Кавказ таудағаны, Грейга қызғалдағы, кәдімгі пісте, Сиверс алмасы, Қазақстандық қоғажай т.б.
Парк аумағында сүтқоректілердің шамамен 46 түрі мекендейді, олардың 5 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Олардың қатарына: тас сусары, Архар, Үнді жайрасы, ақ бауыр жарқанат, кеңқұлақты жарқанат.